Шымкентте емханаға еркін тіркелу науқаны 15 қыркүйекте басталады. Екі ай ішінде шымкенттіктер еркін таңдау бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркеле алады. Басқа емханаға ауысу үшін не істеу керек? Емхана қандай жағдайда сізді тіркеуден бас тартуы мүмкін? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға сала жауаптылары брифинг барысында жауап берді.
Емхана таңдау өз еркіңізде! Бүгін қалада емханаларға ерікті тіркеу науқаны басталды. Ем алып жүрген орынды электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыруға болады. Бұл қандай да бір себептермен бүгінге дейін қаралып келген емхананы басқасына ауыстыруға беріліп жатқан мүмкіндік. Бір жағынан емханалар арасындағы бәсекелестікті арттыру көзделген.
Дәрігерлер әртүрлі жағдаймен өзге емханаға ауысқысы келген тұрғындар болса, оларға еш кедергі жоқтығын айтып отыр. Ал осы емханада адам саны белгіленген көлемнен көбейіп кетсе, қосымша бөлімшелер ашылып, дәрігерлер жұмысқа тартылуы мүмкін. Таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып тіркелудің бүгінде аса қажеті жоқ. Электронды үкімет порталы арқылы тіркелу мүмкіндіктері қарастырылған. Халықтың санына байланысты емханалар қызмет көрсету үшін тапсырыс алады. Емхана дәрігерлері науқанға дайындық алдын ала жоспарланғандықтан, тұрғындарға таңдаған емханаға тіркеуге тұру барысында еш кедергі болмайтындығына сендірді.