Биыл алғаш рет елімізде тамыз айының бірінші жексенбісі көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтеміз. Айтулы дата Президенттің Жарлығымен бекітіліп, ресми мәртебеге ие болған. Бүгін мереке қарсаңында Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы .. сала өкілдерін құттықтап, үздік қызметкерлерді марапаттады. Әкімдіктің ақпаратынша, көлік саласында қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ал ЖОО мен колледждерде 20 мыңға жуық студент білім алады.
Биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлік жаңарту жоспарлануда. Оның ішінде, бүгінде «Автоимпульс» ЖШС тарапынан «Zhongtong» маркалы 5 жаңа автобус наурыз айынан бастап, «Санжар моторс» ЖШС және ЖК «Абдуганиев» «SAZ LE 60» маркалы 12 автобус мамыр айынан бастап, «Ман-оңтүстік» ЖШС «Youtong» маркалы 3 жаңа автобус қызмет көрсетуде.
Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Сондай-ақ Жаңа әуежай терминалының құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есебінен іске асырылуда. Терминалды іске қосу жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 2000-ға арттырып, ал өткізу қабілетін жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады.
1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.