IQanat республикалық олимпиадасы аяқталып, Шымкенттік Бақтияр Абайұлы жеңіспен оралды. Ауыл мектептерінде білім алатын жастарға мүмкіндік беретін жарыста 8 сынып оқушысы үздік атанып, IQanat High School of Burabay мектебінің абсолютты чемпионы және грант иегері болды.
Алматы қаласында өткен ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларға арналған республикалық Айқанат олимпиадасында еліміздің ең үздік оқушылары бас қосты. Сайысқа мыңға жуық бала қатысып, өз бағын сынаған. Алтыншы жыл дәстүрлі түрде өтіп жатқан жарыс, Қазақстан кәсіпкерлерінің әлеуметтік жобасы. Негізгі мақсат балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Жоба аясында олимпиадалар өткізіліп, іріктеліп алынған балаларды үш жыл бойы білікті мамандар оқытады. Сайыс жыл сайын Астана қаласында ұйымдастырылып, биыл солтүстік өңірінің оқушылары оңтүстік астананы көрсін деген мақсатта Алматыда өткізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша олимпиадаға тіркеу қыркүйек айында басталады. Ал негізгі сайыс қарашада өткізіледі.
Білім бәйгесінің финалдық кезеңінде бақ сынаған, үздік атанып абсолютті чемпион болған Ордабасылық Бақтияр Қылышбай өз қуанышын жеткізіп, алғашқы сәттерде жеңісіне сенбегенін айтты. Жас чемпион ата-анасы мен өзіне бағдар беріп, жеңіске жетелеген ұстаздарына алғысын жеткізді.
Жетпіс жасқа келіп, кенже немересінің қуанышын көріп отырған апамыз білім жолында қызмет етіп жүрген ұстаздарына алғысын білдіріп, Бақтиярдың мектеп қабырғасында жақсы оқитынын айтты. Олимпиадаға үзіліссіз дайындалып, соның жемісін көріп отырғанына қуанышын жеткізді.