Мегаполистегі №2 ші оқушылар сарайының бүлдіршіндері жылды жемісті қорытындылады. Өткен жылы ғана жұмысын бастаған мекеме аз уақыт ішінде түрлі таланттардың талабын ашып үлгерді. Үйірме қатысушылары қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жеткен жетістіктерін паш етіп, көрермен назарына ұсынды.
Шаһардағы бұл оқушылар сарайы өткен жылы ғана жұмысын бастаған болатын. Аз уақыттың ішінде білім мен өнердің мекені таланттардың талабын ашып, түрлі бәсекеде топ жарып келеді. 5000 ға жуық балаға бағыт бағдар беретін мекеме осы уақыт ішінде 242 жүлдеге қол жеткізіп үлгеріпті. Шара барысында үйірме қатысушыларының қолөнер туындылары таныстырылды. Есеп беру концертіне Қаратау ауданының әкімі қатысып, жүрек жарды тілегін жеткізді.
Балалардың бойындағы қарым-қабілетін шыңдайтын, білім мен өнер ордасы негізгі 6 бағытта 62 үйірме жұмыс жасайды. Олар: спорт, ғылыми техника, гуманитарлық және жастар қозғалысы, өнер және музыка, көркем-эстетикалық бағыт. Аталған білім беру ұйымында 6-16 жас аралығындағы балалар біліктіліктерін арттырып келеді.
Жиында үйірме қатысушылары ән шырқап, түрлі өнерлері мен жеткен жетістіктерін көрермен назарына ұсынды. Бұл бала тәрбиесінде үйірме жетекшілерінің еткен еңбегі мен төккен терінің жемісі деп білеміз. Оқушылар сарайы атаулы күндерді назардан тыс қалдырмай, ұйымдастырып келеді. Қосымша білім беру ұйымы жазғы демалыс уақытын балалар үшін қызықты және ұтымды ұйымдастыруда. Жазғы ашық алаң жұмыс істеп жатыр. Баланың біліктілігін арттыруда практикалық үйірмелерден бөлек саяхаттар да ұйымдастырылады.










