Еліміздегі су тасқынын жоюға қатысқан шымкенттік құтқарушылар отбасымен қауышты. Қаладағы ТЖД-нің 47 жеке құрамы көктемде Атырау облысына тасқынға қарсы күресуге көмекке аттанған еді. Олар тапсырманы толық орындап, тұрақты орналасу пунктіне оралды. Екі айға жуық уақыт отбасынан жырақта, қауіпті аймақта болған бейбіт күннің батырларын әріптестері мен жанұясы күтіп алды.
Араға 53 күн салып отбасымен қауышқан құтқарушыларды әріптестері салтанатты түрде қарсы алды. Іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті. Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан ата аналар ішкі сезімдерін жасырмады.
Қалалық ТЖД күштері мен құралдары Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 13 сәуірден бастап Атырау облысының Құлсары қаласы, Алмалы,Ақжар, Индербор, Махамбет аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 60 000 қап төседі, сондай-ақ 323 236 текше метр су сорды. Атыраулықтардың атынан шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс айтылып, Атырау облысы әкімінің алғыс хатына ие болды.
Шара соңында департамент басшысы төтенше жағдай кезінді тынымсыз тер төккен құтқарушыларға қысқа мерзімді еңбек демалысын берді. Абыройлы міндетті өз деңгейінде атқарып, шаһарға оралған құтқарушылар ұзақ уақыт бойы көрмеген жанұясымен қауышты.
Еске сала кетейік, Атырау облысына Шымкент қаласы ТЖД 47 жеке құрам, 6 бірлік техника, 15 дана мотопомпа, 2 бірлік қайық жіберілген болатын. Ал, қазір өңірде жағдай тұрақты.










