Биыл М.Сапарбаев институтына қарасты «Parasat» колледжіне 23 жыл. Айтулы мерей той қарсаңында қалалық студенттер мен мектеп оқушылары арасында волейболдан ашық турнирдің шымылдығы түрілді.
Мегаполисте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен мектеп оқушылары арасында волейболдан қала аралық ашық турнирдің шымылдығы түрілді. Спорттық сайыстың ашылу салтанатында мың бұралған бишілер мен әсем әуенді әншілер өнер көрсетті. Әнұран ойнатылып, қатысушылар мемлекеттік туға қарап сап түзеді. Одан соң Маржан Алтыбаева спорттық сайысқа мұрындық болған институт құрылтайшысы Марат Марданұлына алғыс білдіріп, барша қатысушыға сәттілік тіледі.
Шара барысында білім беру саласындағы ұзақ жылдар бойы сіңірген қажырлы еңбегі, спорт жеңімпаздарын дайындауда қосқан үлесі үшін Маржан Алтыбаеваға институт құрылтайшысы Марат Марданұлы атынан алғыс хат табысталды. Кіл мықтылар бас қосқан спорттық турнирде студенттер мен мектеп оқушыларынан құралған жалпы 45 команда бақ сынады.
Байрақты бәсеке 3 күнге жоспарланды. Ақтық сынға дейін сүрінбей жеткен командалар үшін сыйақы да қарастырылған. Жарысқа қатысушы Әсел Саржанова командасының бүгінгі бәсекеде топ жаратынына сенімді.
Айта кетейік, Марат Марданұлының қолдауымен салауатты өмір салтын насихаттау, студенттер мен оқушыларды спортқа қызықтыру мақсатында мұндай шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.