Енді әйелге қол көтеріп, балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге қылмыстық жауапкершілікке тартылады Бұл туралы 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойған болатын. Осы орайда қала прокуратурасының ұйымдастыруымен “Зорлық-зомбылықсыз отбасы” және “Дәстүр және заң: қызды ұрлауға жол бермеу” секілді өзекті тақырыптар аясында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға қатысушылар осы құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты бірқатар өздерінің ұсыныстарын айтып, халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ат салысатынын атап өтті.
Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер көбеюде. Осыған орай, Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заңға қол қойып, қара күшке қарсы тұра алмаған әйелдерге, қорғансыз кішкентай балаларға қол жұмсаған азаматтарға қатысты заң күшейтілді. Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Бұл мәселе бойынша қала прокуратурасы «Зорлық зомбылықсыз отбасы” тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Осы өзекті мәселе аясында қолданылып жатқан шаралар жөнінде полиция департаментінің бірінші орынбасары баяндама жасады.
Іс – шараға қылмыстық қудалау мен жергілікті уәкілетті органдарынан бөлек, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, мәдениет пен дін саласындағы қызметкерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен Қазақстан Республикасының Адам мен бала құқықтары жөніндегі Уәкілдердің жергілікті өкілдері қатысты. Жиында одан бөлек «Дәстүр және заң: қызды ұрлауға жол бермеу» тақырыбы аясында сөз қозғалды. Қаламызда биыл қалыңдықтың келісімінсіз үйлену мақсатында қызды алып қашқан 1 адам сотпен кінәлі деп танылып, үкіммен 4 жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаға тартылғанын айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері отбасындағы моральдік және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсер ететініне тоқталды. Қоғам белсенділері мен мәдениет қайраткерлері балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу, бұл мемлекеттің ғана емес, жекелеген әр азаматтың міндеті екенін айтты.