Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу.Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық
құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс»
атты үшінші отырысында сөйлеген сөзі
2024 жылғы 15 наурыз
Қазіргі таңда ұлттың дамуының жаңа келбетін айқындайтын қағидаттардың ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығына кіріктірілуі заман талабы екені баршамызға аян. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаев «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет», — дей келіп, ең алдымен халықтың береке бірлігін сақтау — елдігіміз үшін аса маңызды қағидат екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, биылғы Құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті. Дәл осындай мақсатты қазық етіп, биылдан бастап Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең ізгі адами қасиеттерді- ашықтық пен шынайылықты, ізгілік пен ілтипатты, сыйластық пен мейірімділікті тереңдете түсуге негіз болатын онкүндіктің әркүні жаңару мен жаңғырудың жаршысындай атаулармен ерекшелене дәріптелді.
Баршамызға аян Шымкент қаласының тұрғындары да жаңа форматта Ұлыстың ұлы мерекесін тойлады. Атап айтар болсақ 14 наурыз Амал күнінен бастау алған мереке 23 наурызға дейін шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ынтымақ, жыл басы, тазару құндылықтарын насихаттау бағытындағы іс шаралар ұйымдастырылып, мемлекетіміздің мәртебесі асқақтап ұлықталды. Наурыз мерекесі айлардың сұлтаны Рамазанмен қатар келіп, ақжарылқап тілекпен табысқан, төс түйістіріп, алаңсыз амандасқан арайлы күндерімізде қаламыз ерекше нұрға бөленді.Өйткені Әз Наурыз – қоғамдағы татулық пен бірліктің, тұрақтылық пен келісімнің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Жыл басы саналатын бұл мейрам табиғаттың ғана емес, адам рухының да жаңаруының белгісі.
Екі күнге жалғасқан үшінші Ұлттық құрылтай жиынында барлық өңірден келген құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылай отырып, бірнеше шешімдер шығарылды. Шарада қозғалған негізгі тақырыптар – «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму». «Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл» – деп ойдың түбін қозғаған Ел басшысы құндылықтарымызды айқындап, алға ұмтылуымыз шарт екенін атап өтті.Президент сөз еткен құндылықтар қатарында ең бастысы тәуелсіздік және отаншылдық болды. Бұл қазіргі таңда өте өзекті тақырып. Отаншылдық – бұл шынайы патриоттық сезім. Жастардың бойына осындай ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал. Бұл қасиеттер отбасы, мектеп, университет қабырғасында жүрген кезден-ақ бойларына сіңіп, қалыптастыратын сезім. Сондай-ақ ұлттық мүдде мен Тәуелсіздікті қорғауға әрдайым дайын болу керек екенін атап өтті. «Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті», – деді
Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік деңгейлердегі шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Кітап оқуға бетбұрыс дұрыс болу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек екендігін мелекет басшысы баса айтты.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қатысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына айналып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі. Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді-, деп атап көрсетті Ел Президенті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен насихаттаудың тиімді тәсілдерін іздеу, ұсыну және тарату мақсатындағы маңызды жұмыстардың алғы шебінде аға буын ардагерлермен қатар зиялы қауым өкілдері де болуға тиісті деп пікір білдірді. «Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады.Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деп аға буын өкілдеріне жауапкершілігі мол, тағылымы зор міндеттерді жүктеді. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс.Сол сияқты мектеп – білімнің ғана емес, тәлім- тәрбиенің де ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – білім беру жүйесінің басты нысанасы. Осыған орай білім ұйымдарындағы заманауи тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміздің, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажеттігінің бүгінгі күні әлеуметтік маңызы зор деп есептеймін.
Осы орайда бір қоғамда өмір сүріп отырған жас шамалары әркелкі ардагерлер мен жас ұрпақтың арасындағы өзара қарым- қатынасты жақындатуды тәлім — тәрбие өзегіне айналдырудың төл танымымызда қалыптасқан тарихи негіздері бар екенін айтып өту орынды болмақ.
Жастардың санасына «құндылықтар» ұғымын дұрыс қалыптастыру елдің болашағын айқындайтын факторлардың қатарына жатады. Адамзат өркениетінің бүгіні мен болашағы көп жағдайда жастардың әлеуметтік белсенділігіне қатысты болатыны даусыз.
Осы орайда жоғарыда келтірілген идеялар мен қағидаттарды негізге ала отырып сөз кезегінде бүгінгі таңда Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған салалық орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы бастамашылдық танытқан басым бағыттарын атап өту артық болмас. Біздер ардагерлер — аға буын өкілдеріміз. Қоғамдағы белең алған тұғырлы өзгерістерге бей- жай қарамай, өнегелі өсиетімізді өзімізден кейінгі жас ұрпақтар тәрбиесіне арнауды жөн көрдік. Сондықтан да құзырлы білім ұйымдары басшыларымен ынтымақтастықта бірлесіп атқарылатын игі істерді жүзеге асыру мақсатында меморандумдар түзілді. Бағдарламаның мақсаты ұлттық құндылықтарды Қазақстанның тұрақты прогресінің негізі және білім мен тәрбиенің тұғырнамасы ретінде оқу-тәрбие процесіне енгізу және мәдени, әлеуметтік ортада дәріптеу, жүзеге асыруда бірлесіп іс-қимыл жүргізу болмақ. Сонымен қатар осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында өлкеміздегі рухани тұлғалардың, ардақты ұстаздар мен ғалымдардың, үлгілі отбасылардың, еңбек адамдарының өнегелі өмір жолын оқушылар мен ата-аналар арасында дәріптеу, насихаттау тәжірибесінің жинақтарын, әдістемелік құралдарын т.б. басылымдарды жарыққа шығару жұмыстарын ұйымдастыру басшылыққа алынады.
Ардагерлер ұйымы қазіргі таңда 5 бағытта жұмыс жасап, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Сол бағыттардың бірінен саналатын «Жастармен жұмыс» «Білім» салалық орталығы бүгінгі таңда заманауи үлгідегі мақсатты — бағдарлы жоспарға негізделген іс шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда. Ардагер ұстаздардың жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асырудағы ақпараттық-консультативтік көмек көрсете алуы көңіл қуантарлықтай.Ардагерлердің бастауыш ұйымдары өңірдегі білім мекемелерімен, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлестікте ауқымды іс шаралар ұйымдастырып, жұртшылықтың көзайымына айналуда.
Сонымен қатар, ардагерлер жастар арасында өзінің және өзге де тұлғалардың өнегелі құндылықтарын тәрбиелеу ісіне жұмсап, қоғамда белсенділік танытып, тарихи мәні зор тәжірибені ата салтымыздан келе жатқан Ұлы дала іліміне негізделетін отансүйгіштік, елжандылық , ізгілік, адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың қолайлы ортасын жасау үстінде екенін айтып өту орынды болмақ. Қаладағы 5 ауданда соңғы жылдары ұйымдасқан «Ардагер аналар алқасы» бүгінде ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың іргелі орталығына айналды. Тағы бір айтып өтетін маңызды іс шара 2024 жылдың 13 ақпан күні Шымкент қалалық әкімдігімен бірлестікте Жастар ресурстық орталығында форумда қабылданған Ардагерлердің жастарға ұсынған Үндеуі болып табылады. Үндеу мазмұны барша азаматтардың бабалар аманатын адалдықпен ұлықтауына, сонымен қатар адал еңбек етуге, отаншылдық, мемлекетшілдік, елжандылық рухын айқындайтын қағидаттарға негізделген.
Сондай-ақ, Ардагерлер бастамашылдығымен қазіргі таңда құндылықтарға негізделген тәрбиелік асыл қағидаттармен отбасындағы тәрбиенің әлеуетін арттыру, мектептердегі «Әкелер мектебінің» жұмысын жандандыру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін ата-аналарды қолдау орталықтары арқылы көтеру мақсатындағы оқыту үйрету семинарларын бірлесе ұйымдастыру жоспарлануда. Конференциялар, семинарлар, тренингтер, фестивальдар, форумдар, көрмелер, конкурстар, кездесулерді сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, зорлық зомбылыққа қарсы күрес, суицидтің алдын алу т.б қоғамдық маңызды іс-шараларды бірлесе өткізудің бағыт бағдарлары қарастырылған жылдық және ағымдық жоспарлар жасалып бекітілген.
Шымкент қалалық білім басқармасымен түзілген меморандум аясында наурыз айының 19 күні № 66 «Қазығұрт» жалпы білім беретін орта мектебінде ұйымдастырылған «Заманауи тәрбие әлемі. Ұлттық құндылықтар. Ұрпақтар сабақтастығы» атты қалалық тәжірибелік-әдістемелік семинарының практикалық маңыздылығы білім ұйымдары арасында жоғары деңгейде бағаланды. Ал 25 сәуірде №72 С.Нұрмағанбетов атындағы мектепте «Қалалық Ардагерлер ұйымы және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында өткізілген семинар тәжірибе алмасу форматында ұйымдастырылды. БАҚ құралдары, әлеуметтік желілерде осы семинарлардың жоғары деңгейде өтілгені жайлы жарияланды.Қазіргі таңда Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған ғылыми-танымдық бірлестік мүшелерімен әріптестік серіктестікте қаламыздағы 21 мектеп ұжымдары ұлттық құндылықтарған негізделген заманауи тәлім тәрбие жұмыстарын насихаттаушы «тірек білім ұйымдары» болып табылады. Жұртшылық арасында табысты нәтижелерге қол жеткізген игі істеріміз алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
К.А. ТӨЛЕБАЕВ
Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы