Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында» іс-шарасы өтті. Шараға Түркістан облысы және Шымкент қалалық этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шараның мақсаты: Халықтар арасындағы достықты нығайта отырып, ынтымақтастыққа, өз Отанын сүюге дәріптеу.
1996 жылдан бастап Қазақстан халықтарының бірлігі күні – елімізде жыл сайын тойланады. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше. Соған орай, бүгін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында …» іс-шарасы ұйымдастырылды. Шарада түрлі мерекелік әндер, билер орындалып және ұлт-өкілдері өздерінің өнерлерін көрсетті.Жыл сайын атаулы мерекеге Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі шаңырақта тату-тәтті, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Осы ретте, еліміздің ұлттық бірлігін нығайтуға үлес қосқан Түркістан облыстық Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің төрайымы және бірнеше ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестіктері қазақ халқына алғыс айтып, өз ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, қазақ халқы алмағайып замандарда тағдыр тәлкегімен қашып келген өзге ұлт-өкілдерін бөле жармай құшақ жая қарсы алды. Сондықтан да қазақ халқының кеңпейілділігі мен бауырмалдығына олар үнемі рақмет айтып келеді.