Ардагерлер үйінде ем алып жүрген қарияларға құрмет көрсетілді. Жеңістің 79 жылдық мерейтойына орай «Ізетті зейнеткер» мекемесінің ұйымдастыруымен сауықтыру орталығында концерттік іс-шара өтті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шығармашылық кездесу қарттардың көңіліне қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Жалпы, күн санап қатары сейіліп бара жатқан ардагерлерге жайлы жағдай жасалып жатыр. Мәселен, ай сайын ірі мегаполистердегі орталықтарда ем қабылдайды.
Ардагерлерге арналған рухани іс-шараға «Фараби» халықаралық шығармашылық одағы, Шымкент әзіл-сықақ және сатира театры қызметкерлері қатысты. Жиынға қатысқан 50-ге жуық зейнеткерлер үшін әсем ән шырқалып, рухани азық сыйлар өлеңдер оқылды.
Жалпы мегаполисте тұратын Ұлы отан соғысы ардагерлеріне, Ауған соғысына қатысқандар, Семей полигоны кезінде Шымкентке қоныс аударған және қызмет көрсеткен, сондай-ақ, елге ерен еңбегі сіңген қазіргі ардагерлеріміз үшін ай сайын жолдамалар беріліп отырады. Олар Алматы, Астана қаласындағы озық технологиялы орталықтарда ем қабылдай алады.
Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасады.