«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «киелі мекен» апталығы басталды. Акция аясында Шымкент қаласындағы барлық мәдени ескерткіштер шаң-тозаңдардан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Үшінші мегаполис тарихи-мәдени ескерткіштерге бай қала. «Киелі мекен» апталығы тарихи ескерткіштердің тазалығына арналды. Оған Әль-Фараби ауданының КММ және «Эталон» ЖШС мердігер мекемесі қызметкерлері мен еріктілерден 70 адам, 4 техника жұмылдырылды. Қаламыздағы Әль-Фараби ауданында жалпы 28 тарихи ескерткіш бар. Апта аяғына дейін абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Экологиялық акция аясында абаттандыру жұмыстары Еңбекші ауданында жалғасты. Т.Рысқұлов ескерткішін жуып тазалау, ағаш түбін әктеу, айналаны қоқыстан тазарту жұмыстарына қалалық «ИНТЕКО» ЖШС, аудан әкімдігі және еріктілерден 250-ден астам адам жұмылдырылды.
Киелі мекенді көркейтуде кесенелер де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған игі шарада Қаратау ауданына қарасты «Қарашаш ана» кесенесі қоқыстан тазартылды.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау мен қоқыстарды тазарту жұмыстары Тұран ауданы мен Абай ауданында да өтті. Акциядан бөлек «Жайлы ортаны дамыту» басқармасына қарасты ескерткіштерді күтіп ұстау мекемесі кестеге сәйкес әр екі апта сайын тарихи-мәдени есткерткіштерге тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады.