Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне елді мекендердің көшелерін тазарту, ағаш отырғызу және аумақтарды абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын. Осыған сәйкес Шымкент қаласында «Таза қала үшін» акциясы басталды. Мегаполистің барлық аудандарында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Акцияға қала әкімі Ғ. Сыздықбеков арнайы қатысып, бірінші болып сенбілікті бастап берді.
Сенбіліктің басы Әл-Фараби ауданы «Ордабасы» алаңынан басталды. Онда аудан тұрғындары, белсенділер мен еріктілер «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға қала әкімі Ғ. Сыздықбеков арнайы қатысып, абаттандыру жұмыстарына ат салысты.
Экологиялық акцияның «таза өлке» апталығында қала тұрғындары, қоғам белсенділері мен кәсіпорын қызметкерлері алдамаларды жуу мен тазалау, ағаштардың түбін әктеу, күтіп баптау жұмыстарын жүргізуде.
Тапсырмаға сәйкес 11 сәуір мен 13 мамыр аралығына жоспарланған тазалық акциясының алғашқы аптасы Еңбекші ауданындағы «Алатау» мен «Қазақстан Түркия достастығы» саябақтарында жалғасты. Онда Шымкент қалалық мәслихат депутаттары, спортшылар, жастар мен ардагер ақсақалдар да бар.
Тұран ауданының аумағындағы А-2 айналма жолының бойы қоқыстан тазартылды. Оған қалалық мәслихат депутаттары, «ШымкентСпецКомплекс» және «Тұран» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері, ауданның белсенді тұрғындары және еріктілер ат салысуда. Аудан бойынша бүгінгі шараға 800-ден астам адам қатысып, жол бойын қоқыстан тазартты.
Сондай-ақ, қала ішіндегі Желтоқсан, Байтұрсынов, Момышұлы, Республика даңғылында көшедегі қоқыстар тазартылды. Жастар ресурстық орталығына тапсырылған тазалық шарасына 100-ге жуық адам қатысып, қаламыздың көркеюіне ат салысты.
Мәдени-тарихи кешендер де қоқыстан тазартылды. Қаратау ауданының аумағындағы «Шымқала» ескі қалашығы да назардан тыс қалмады. Тазалық жұмыстарына 450 ден астам адам қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылды.
Айта кетейік, қала бойынша жалпы акцияға 4500 адам, 51 техника жұмылдырылып, 63 көшеде тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.