Шымкентте Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алды. Осыдан 29 жыл бұрын ішкі әскерлер құрамынан 2000-нан астам сарбаз Памир тауындағы Пшихавр шатқалына бітімгерлік мақсатымен аттанған еді. Тосыннан жасалған шабуыл нәтижесінде 17 жауынгер қаза тапса, 33 сарбаз ауыр жарақат алған.
7-сәуір Қазақ елі үшін қаралы күн! 1995 жылғы қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан сарбаздардың ерлігі ел есінде. Абай саябағында өткен еске алу шарасына 6506 әскери бөлімінің сарбаздары, ардагерлер мен қаза тапқан азаматтардың туыстары қатысты.
Шара дәстүр бойынша 1 минут үнсіздікпен басталды. Жиналғандар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, егемен елдің ерлеріне тағзым етті. 1995 жылы шекарада қаза тапқан сарбаздың бірі старшина Қалмахан Бақпаевтың анасы Үрқия апайымызға да сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, қайтпас қайсарлық көрсетіп, азаматтық парызын адал атқарғандардың кеудесіне медальдар тағылды. Еске алу шарасы жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтеді.