Елімізде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа қала құрылды. Алатау деген атауды арқау ететін бұл шаһардың жалпы ауданы 88 мың гектар аумақты алып жатыр. Мұндағы тұрғындардың саны- 52,7 мың. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық экономика министрлігі жаңа Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын әзірледі, оған сәйкес экономикалық есептеулерді дайындау бойынша жұмыстар жүргізілді, жаңа қаланың схемалық карталары әзірленіп, халықтық жиындар өткізілді. Осы жиындар негізінде Алматы облысы, сондай-ақ Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды.
Су жаңа Алатау қаласын құру жол желісін, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Тың бастама инвестицияларды, технологияларды және қосымша қаржылық ағындарды тартуға бағытталған. Кәсіпкерлік белсенділікті дамыту және салық түсімдерін ұлғайту өңірдің инвестициялық әлеуеті мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді деп болжануда.
Жаңа қаланы құру, өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, өңірдің дамуына даңғыл жол ашады. Жаңа шаһар Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бір сөзбен айтқанда, «Алатау»- дамудың жаңа кезеңі.