Халықты баспанамен қамтамасыз ету мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың басты бағыты. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде қарапайым халыққа қолжетімділігі жоғары бағдарламалар қабылданып, оның шарапатын талай үйсіз-күйсіз жүрген отбасылар көрді. Тұрғын-үй құрылысы да қарқын алуда.
Кез келген мемлекетте тұрғын үй мәселесі негізгі мәселелердің бірі болып саналады, себебі, азаматтарының әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Қазақстан тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделін әзірлеуде, оның негізгі қағидаты әсіресе, әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болмақ. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін жаңа тұрғын үй бағдарламалары енгізілуде.
Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Үш жыл ішінде кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешу қажет, ал тұрғын үй сатып алу үшін табысы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға беру жағдайында тұруға мүмкіндік беру қажет.
Шымкентте жыл басынан бері мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 201 отбасыға 1млн теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты берілді. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 97 көпбалалы отбасы, 16 толық емес отбасы, 84 ерекше бала асыраушы отбасы, 4 бюджеттік ұйым қызметкері бар.
Тұрғын үй сертификатына өтінімдерді www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылдау жалғасуда.
Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алған соң, ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық шағынауданында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының қарқынымен танысты.
Бүгінде 74 гектар аумақта 2 мыңнан астам пәтерлі 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 18 нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Ал ішкі орамдық 3 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жуырда аяқталады. Қалған 6 нысан келесі жылға өтпелі.
Қала әкімі мердігер мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтіп, құрылысты сапалы, мерзімінде жүргізуді тапсырды.