Фосфоршылар сарайының бүгінгі аянышты халін қала әкіміне Әл-Фараби ауданының тұрғындары кездесуде айтқан болатын. Сұрықсыз кейпіне жаны ашыған қариялардың уәжінен соң Ғабит Сыздықбеков аталған нысанға барып, жағдайымен танысты.
Ол жер — әзірге жеке серіктестіктің мүлкі. Ал серіктестіктің үлесі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атына республикалық меншікке тіркелген.
Осыған дейін қала әкімдігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен серіктестіктің жарғылық капиталынан «Фосфоршылар» сарайын мүлік ретінде бөліп шығарып, коммуналдық меншікке беру туралы ұсынысын жолдаған. Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша құзырлы органдар тиісті жұмыстар жүргізуде. Қала басшысы жауаптыларға осы бағыттағы кешенді шараларды заң шеңберінде жүргізіп, ғимаратты елдің игілігіне пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді.