Қала әкімі бүгін үшінші ауданның тұрғындарымен кездесті. Барлығында қозғалып жатқан мәселенің мәні бір. Жол, ауыз су мен жарық, байланыс пен жер дауы. Бюджеттен белгіленген қаржы бөлініп-ақ жатыр. Алайда, түйткілдердің түйіні шешілер емес. Оған мегаполистің аумағы кеңейіп, елді мекендер саны артқаны себеп пе, әлде, саладағы жүйесіздік істің бітуіне жол бермей жатыр ма? Мегаполис әкімі сондай-ақ, учаскелік полицейлерге бірінші және соңғы ескерту берді.
Мегаполис басшысының кезекті кездесуі Еңбекші ауданында өтті. Жаңа әкіммен жүздесіп, проблемасын жеткізбек болғандардың қатары көп. Алдымен аудан әкімі Досбол Есілбек Еңбекшідегі елеулі істерді баяндап, осыған дейінгі кездесулердің қорытындысын айтты. Табиғи газ бен ауыз сумен толық қамту 2025 жылға көзделіп отыр екен.
228 830 халқы бар ауданның басқа аймақтардан ерекше мәселесі жоқ. Миллионды қаланың мұңы да жыры да әлеуметтік инфрақұрылымға байланып тұр. Сұрақ-жауапты бастаған қарабастаулықтар көл-көсір мәселесін жеткізді.
Қойылған сауал мен басшылардың жауабынан соң қала әкімі мегаполисте жайсыз жағдайлардың көп екендігін айтты.
Еңбекші ауданының халқы үшін кәріз жүйесі өте өзекті. 228 мыңнан астам халықтың 13 309-ы ғана кәріз жүйесімен қамтылған. Ағымдағы жылдан 2025 жылы жоспардағы 14 нысанның құрылысы іске асып, пайыздық көрсеткіші 47-ге жетпек.
Әкім мәселені шешемін деп, құрғақ уәдемен қалмай, халыққа жүйелі түрде іске асыратынын, оған уақыттың керегін айтты. Жаңбыр жауса жүруі мұң болатын жолдарға қатысты бар ма бар қылып жасай салған деп, тиісті басқарманы түйреп өтті. Еңбекші ауданына қарасты Алатау көшесі деп аталатын бірнеше көше бар. Ашығын айтқанда атауы жоқ жерлер. Жедел жәрдем, такси шақыру кезінде әбігерге түсетін тұрғындар тұрақтаған жерімізде нақты мекен-жай болса дейді.
Балалардың болашағына алаңдаймын деген ана ішкілік заттарды сататын дүкендерге арнайы шара қабылданғанын қалайды.
Ішкілікке тыйым салғанша, перзенттерімізді жат қылықтан аулақ ұстайық. Оны сатушы орындарға Заңда шектеу жоқ деген әкім сөзінен соң қызық жағдай болды. Мектептің іргесінде спиртті заттарды сататын саудагердің әрекеті мен учаскелік полицияның қылығын естіген әкім оларға алғашқы және соңғы ескерту жасады.
Кездесуде сондай-ақ, жер дауы, бір аумақты иеленген бірнеше қожайындардың мәселесі көтерілді. Құжатымыз заңды деп бәйек болғандардың расымен, бәрінікі заңды. Мұндай жағдайда шикілікті анықтап, зерттеу, байыпты қадаммен бір байламын шығару тек сот процесімен ғана іске асады екен.
Әкім мен халықтың кездесуінде мінберге шыққандардың барлығы сауалына жауап алды. Алдағы уақыттың еншісінде қалған, жүйелі түрде шешімін табады деген тақырыптар халық пен ақпарат құралдарының қаперінде жүреді. Биліктен тындырымды тірліктер күтеміз