Мегаполистегі тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Орман шаруашылығына жақын орналасқан үй ауласындағы жанған қоқыстың толық сөндірілмеуі төтенше жағдайға ұласты. Қаланың құтқарушылары тосын жағдай орын алса тосырқап қалмау үшін осындай сценарий құрып, оқу-жаттығу шарасын өткізді.
21 қыркүйек күні сағат 11:00-де Абай ауданы Қайнар бұлақ учаскесінде өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Ондағы мақсат — Шымкент қаласы гарнизонының өртке қарсы бөліністері жеке құрамының дала-орман өртін сөндіру кезіндегі тәжірибесін арттыру, өртті сөндіру бойынша қызметкерлер мен басшы құрамның дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелермен, басқа да өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерімен бірлесіп әрекет ету.
Алдын-ала құрылған жоспарға сәйкес тұрғын үйлердің бірінің ауласында қоқыс жағу барысында от қараусыз қалып, оттың ұшқыны желдің бағытымен орман шаруашылығына таралып, өрт орын алды. Орман шаруашылығының күзетшісі тез арада «101» қызметіне хабар береді. Жоғары шақырту бойынша және жергілікті органдармен өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығына сәйкес жаттығу орнына Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің және орман шаруалығының күштер мен құралдары жөнелтілді. Сондай-ақ Түркістан облысының өрт сөндіру қызметі көмекке келді. Шартты өрт орнында өрт сөндіру штабы құрылып, 105 қызметінің қызметкерлері тарапынан бағаналардағы электр желісі ажыратылды.
Бірлесіп әрекет етудің нәтижесінде өрттің одан орман шаруашылығы мен тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді, сондай-ақ шартты өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді