Шымкент шаһары жылыту маусымына дайын ба? Өткен жылғы қыстың біршама қысқаны жасырын емес. Осыған байланысты жауапты басқарма қаланың алдағы кезеңге дайындығын пысықтап, қазандықтар 90 пайызға сақадай-сай тұр деп мәлімдеді. Тұран, Шымсити шағынауданындағы көпқабатты үйлердің қысқы жылу мерзіміне дайындық барысын пысықтау бойынша баспасөз туры өтті. Іс-шараға қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің мамандары келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысы жайында БАҚ өкілдеріне ақпарат берді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Берік Әшірбековтің айтуынша қазір қаланың 23 аймағында орналасқан жылу қазандықтарынан 20-ы қысқы маусымға толық дайындалған. Қалғандарында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
«New city» тұрғын үй кешенінде 8 үйді қысқы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілді. Яғни, 2021 жылы салынған қазандықтар биыл жөндеуден өтіп, осындағы 450 абонентті жылумен қамтуға дайын дейді «ҚуатЖылуОрталық-3» мекемесінің өкілі Айдос Сейтбекұлы.
Мүлік иесінің бірлестігіне өткен тұрғындар «Әбдінұр» ЖК сервистік компаниясымен келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта жылу құбырларын ретке келтіру, жылу қазандығын дайындау жұмыстары толық аяқталды. Көппәтерлі тұрғын үйдің МИБ-ке (Мүлік иелері бірлестігі) өтуіне байланысты үйді күтіп ұстау, тазалығы, инженерлік жүйелерді қыс маусымына дайындау жұмыстары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілген. МИБ төрайымы Ботакөз Қасымова сервистік компаниямен келісімшарт жасалып, оның жұмысы тұрғындар көңілінен шыққанын атап өтті.
Сондай-ақ, Шымсити шағынауданындағы 13, 10 үйдің де қысқы маусымға дайындығы пысықталды. 13 үй басқарушысы Нұрлан Оразалыұлы сервистік компания барлық қажетті жұмыстарды жасап отырғанын айтады. Ал біз тұрғындар болып аула тазалығын тасада қалдырмай, күтіп ұстаймыз дейді.
Жалпы шаһардың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қала әкімінің тікелей бақылауында. Жылу маусымына дайындық шараларына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.