Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындау бойынша тапсырма берген болатын. 2019 жылы қалалық ассамблея жанынан Медиация кеңесі құрылды. Құрамына 6 кәсіби, 6 қоғамдық медиатор енген кеңес негізгі қызметімен қатар, этномедиацияны дамытуға тұрақты атсалысып келеді. «5 тамыз – Медиация күні» мерекесіне орай қаладағы «Достық үйі» ғимаратында семинар өтті.
Ассамблея медиаторлары этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтарда кездесулер өткізіп, соңғы 3 жылда 28 мәселе бойынша дауласқан тараптарды ортақ келісімге келтірді. Қазіргі таңда шаһарда этносаралық мәселе жоқ. Тамыз-қыркүйек айларында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің білім-білігін арттыру бағытында оқыту семинарын ұйымдастыру жоспарланған.
Шымкент қаласында медиация апталығы барысында халық арасында 70-ге жуық сауалнама жүргізілді. Қазіргі кезде қалада 4 медиация орталығы жұмыс істейді. Маманданған медиация орталықтары мен қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе қызмет атқарып келеді. Ассамблея медиаторларының тізіліміне 12 кәсіби және қоғамдық медиаторлар еніп, этномедиация ұғымын ілгерілетуде жүйелі жұмыстар жүргізуде.