Отандық өнімді қаншалықты қолдайсыз? Бүгін Шымкентте мектепке арналған тауарлардың жәрмеңкесі басталды. Өткізудегі басты мақсат – отандық өндірушілердің өнімін халыққа төмен бағамен ұсыну. Жәрмеңкені ұйымдастырушы қалалық білім басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы: -Базар нарығынан айырмашылық бар, әрі отандық өнімді қолдап, дем беруіміз керек»,-дейді.
Тамыз келді дегенше мектепке дайындықты бастап тыпыршимыз. Ата-ана әр баласын қатарынан қалдырмай, керек-жарағын толық алып бергісі келеді. Дегенмен, базардағы баға баланың көңіл-күйіне, ата-ананың қалтасына қарамайды. Осы тұрғыда мемлекет те қолдан келген бар жұмысты жасап жатыр. Шымкентте «Мектепке жол» акциясы аясында түрлі шаралар өтуде. Соның бірі — Қажымұқан стадионының алаңындағы «мектеп жәрмеңкесі». Бүгінгі таңда шаһарда білім алатын 56 886 бала көмекке мұқтаж екен. Олардың керегін түгендеп, көмек беру үшін мемлекет әр балаға 41 мың теңгеден қарастырған.
Ал енді, бөлінген 41 мың бір балаға жеткілікті ме? Жәрмеңкедегі отандық тауар өндірушілердің бағасына барлау жасадық. Жоғары сапалы фирманың костюмы мен шалбары 16 мың теңге екен. Ал, жәрмеңкедегі ақ жейде 2500 теңгеден сатылымда тұр. Ер балаға арналған аяқ киімнің бағасы 10 500 дейді. Сонымен киімге 29 мың теңгені жұмсадық. Қалған 12 мыңды сөмке мен дәптер, оның мұқабасы, қаламсап, қарындаш, күнделік, шығармашылық үшін қажетті қаншама құралға жеткізу керек. Жұрт көңілін аулаған мектеп жәрмеңкесіне бірінің көңілі толып жатса, енді бірі аса қатты айырмашылық жоқ деп наразы.
Жаңа оқу жылына мегаполистегі 250 мыңнан астам оқушы дайындалып жатыр. Ал, 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданбақ. «Мектепке жол» акциясы аясындағы шараға 14 отандық өнім шығаратын кәсіпорын қатысуда. Тамыздың 19-на дейін жалғасатын жәрмеңкеде мектепке қажетті керек-жарақтар қолжетімді бағада ұсынылады дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.
Жәрмеңке – отандық тауар өндірушілерді қолдау, сондай-ақ, оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы орайда өз брендін қалыптастырған кәсіпкерлер бір сәт бағаға емес балаға көңіл бөліп, тауар құнын төмендетсе сұраныс та артады, оқу жылы қарсаңында ата-аналарға да қарайласар еді.