Елімізге белгілі боксшы Еркебұлан Шыналиев Көксай шағынауданынан спорт мектебін ашты. Бокс үйірмесінің дәл осы ауданнан ашылғанына ата-аналардан бөлек, спорт майталмандары да қуануда. Салтанатты шараға еліміздің бокстан бас бапкері Мырзағали Айтжанов қатысып, мекеменің лентасын қиды.
2007 жылы Чикаго қаласыда өткен әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғап, қола жүлдегер атанған Еркебұлан Шыналиев өзі секілді бокс жұлдыздарын дайындау мақсатында спорт мектебін ашып отыр. Шымкент қаласы Көксай шағын ауданынан бой көтерген мектепке жақын аймақтарда тұратын барлық бала шақыртылуда. Себебі, мектеп ашудағы мақсаттың бірі — жастардың бос уақытын көшеде емес спорт залда өткізу. Ғимарат екі ауысыммен 300-ден аса бала қабылдауға дайын. Мұнда бокстан бөлек, каратэ, таеквондо, дзюдо, еркін күрес үйрмелері де жұмыс жасайды.
Бокс залы мен жас спортшылардың дайындығын көруге келген Қазақстанның бас бапкері Мырзағали Айтжанов спорт мектебінің дәл осы аймақтан ашылғанына қуанышты. Себебі, «бұзықтар мекені» деп атаған бұл шағынауданнан әлем чемпиондары шығатынына да сенім білдірді.
«Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында ашылған спорт мектебі жастар үшін үлкен сыйлық болды. 5-маусымнан ресми жұмысын бастайтын мектеп әлі де спортқа қызығушы жастарды тегін үйірмеге шақырады. Салтанатты шараға қатысқан Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің айтуынша спорт мектебіне мемлекеттен қолдау болады. Одан бөлек, жыл соңына дейін бірнеше шағын спорт алаңшаларын пайдалануға беру жоспарлануда.