Түркістан облысында 2023 жылғы қаңтарда-наурыз аралығында құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5 млрд. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 117,9%-ды құрады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Тұрғын үй құрылысына 20,2 млрд. теңге салынған. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 120,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңі бойынша 105,5%-ды көрсетті.
2023 жылғы қаңтар-ақпанда Түркістан облысының өзара сауда көлемі 25,3 млн. АҚШ долларын құраса, 2023 жылдың 1 сәуіріне мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа түсімдердің көлемі 119,2 млрд. теңгеге жетіп, 109,4% орындалып отыр.
Өңірдегі инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, өмір сапасын арттыруға септігін тигізуде. 2023 жылғы 1 наурызда халық саны 2124,5 мың адамды құрады. Яғни, 2022 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда 31,6 мың адамға немесе 1,5%-ға өсті.
2022 жылғы ІV тоқсанда облыс халқының бір айда орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 84 831 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,2%-ға артқан.