Бірлік, татулық, тұрақтылықту ту еткен этнос өкілдері елордада бас қосты. Екі күнге жоспарланған Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында мемлекеттік тілге, ұлттық құндылықтарға ерекше мән берілді. Бірлік — мақсатқа апаратын жол ғана емес, мемлекеттің басты тірегі деген Тоқаев алқалы жиында Ассамблеяға бірқатар маңызды міндеттерді жүктеді.
«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму». Бұл — ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан еліміздің негізгі ұстанымы. 26-27 сәуір күні бас қала Астанада ҚХА-ның XXXII сессиясы өтті. Екі күнге созылған жиынды тарқатып айтсақ. Сессияның алғашқы күні панельдік дискуссияға арналды. Еліміз бойынша 1000-нан аса делегатты топтастырған талқылау алаңында Шымкент қаласынан барған 21 делегат та болды. Кездесудің басында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту — мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі өзегі. Осы орайда этномедиаторлар институтының рөлі ерекше екендігін айтты. Ал, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бала тәрбиесіне тоқталды. Күннің өзекті тақырыбына айналған жас ұрпақты саналы, білімді азамат қылып қалыптастыруда Ассамблеяның рөлі аса маңызды деді.
Сессияда сондай-ақ, Қазақстан корей қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс төрағасының орынбасары сөз сөйледі. Осыдан кейін еліміздің әр аймағынан келген этнос өкілдерімен толеранттылықты қалыптастыру, мәдениет пен білім саласының ара-қатынасы, Ассамблеяның саясат пен қоғамдағы қызметі талқыланды. Пікірталас алаңында делегаттар бүгінгі күннің өзекті деген — тіл тазалығы, жастар арасында орын алып жатқан келеңсіздіктерді талқылады.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған сессияның алғашқы күні марапатпен қорытындыланды. Ассамблеяның құрамында қызмет етіп, бірегейлік пен татулықты сақтауға атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Ол қатарда мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев те болды.
Бейбітшілік және келісім сарайы. XXXII сессияның екінші күні. Президенттің қатысуымен өткен сессияның пленарлық отырысы Әнұранмен басталды. Мемлекет басшысы халық бірлігін нығайту, этносаралық қатынасты үйлестіру жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілеріне тоқталды.
Сессияға қатысқан делегаттар бір-бірімен ашық жарқын әңгіме құрып, мерекемен құттықтады. Оңтайлы сәтте мегаполистен барған делегаттардан Ассамблеяның маңыздылығы мен қаралып жатқан тақырыптарға қатысты пікір білдірді. «Бірлік күні міндетті түрде тойланатын мереке болуы тиіс. Әрбіріміз бірлікті нығайту үшін етбек етуіміз керек. Бұл қызмет тоқтамайды, жалғаса береді. Өйткені, бірлік болса ғана, тірлік болады». Ассамблея қажет пе деген сауалға қатысты Президент пікір білдіріп, ол ұйымның маңызды екенін айтып, елдің ынтымағын арттыру жолындағы жұмыстың жалғаса беретіндігін мәлімдеп, кезекті сессияны қорытындылады.