Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тозыңқы аурухана ғимараттары және жаңадан салынатын денсаулық сақтау объектілері туралы мәлімдеме жасады.
«Бүгінде республика бойынша 6 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектісі халыққа медициналық қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 492 аурухана және 5695 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бар. Медициналық ұйым ғимараттарының тозу деңгейі — 44,7%. Атап айтқанда, стационарлар ғимаратының тозуы — 43,5%, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары — 41,9%. Сонымен қатар елдегі жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келмейді», — деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.
«Ұлттық жоба аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы салынады. Сондай-ақ, ел бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылады. Аталған шаралар ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — дейді министр.
Одан бөлек, А. Ғиният қалаларда бірнеше денсаулық сақтау мекемесі салынатынын хабарлады.
— Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника;
— мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана;
— 12 перинаталды орталық;
— онкология орталықтарының желісі.
Сонымен қатар, бүгінде мына өңірлерде құрылыс жалғасып жатыр:
— Қостанай, Алматы облыстарында 3 аудандық емхана;
— Қызылорда, Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана (қайта жөндеу);
— Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана;
— Қызылорда қаласында қан орталығы.
ҚазАқпарат










