Мегаполистің 2035 жылға дейінгі бас жоспары жалпылама талқыға түсуде. Алғашқы бірінші кезеңін қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдеріне таныстырған жауапты басқарма, қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қолданыстағы 2011 жылғы бас жоспар бойынша жүзеге асырылған жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, жаңа жоспардың ерекшеліктеріне тоқталды.
Қаланың құрамына 39 елді мекен енгізіліп, 2025 жылға дейінгі жоба бойынша қаланың аумағы 40,0 мың га-дан — 117 мың гектарға ұлғайып,халық саны 1 миллион 200 мың адам болып қарастырылған.
Бас жоспарды әзірлеуге 2021 жылы «Градкомплекс» ЖШС-мен Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары арасында келісім-шарт түзілген.
Өткен жылы «Градкомплекс» ЖШС шақыруымен Украинада танымал көлік маманы, Киев қаласының бас жоспар институтының көлік инфрақұрылымы басқармасының бастығы, Санкт-Петебург қаласының перспективалы қала құрылысы ҒЗИ директоры, Ресей сәулет және құрылыс ғылымдары академиясының академигі, Минск қаласының соңғы үш бас жоспарының авторымен бірлескен зерделеу жұмыстары атқарылып, қазіргі таңда жұмыс кестесіне сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қала аумағын игеру барысында: қаланың шекаралары, аумақтық даму схемалары; тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасы, оның ішінде археологиялық зерттеулер мен қалпына келтіру жұмыстарының қорғалатын аймақтарын анықтау; аумақтық аймақтандыру тұжырымдамасы, құрылымдық жоспар: орталықтарды, өндіріс орындарын, селитебті және рекреациялық аймақтарды орналастыру; көлік инфрақұрылымын дамыту ұстанымдары, соның ішінде жаңа әуежайдың, теміржол вокзалының, автобекеттің және т.б. орналастыру орындарын анықтау; экономикалық кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету; экологиялық жағдайды жақсарту бойынша концептуалды ұсыныстар толық қамтылады.
Қоғамдық талқылау 2022 жылдың21 маусым мен 21 шілде аралығында, сағат 09:00-ден 17:00 дейін, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Желтоқсан көшесі 9/4, 2 қабатында өткізіледі.
Концептуалдық тұжырымдамасы негізінде 2022 жыл соңына дейін қаланың жаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.