Жаз айының ең тәтті фестивалі Шымкентте өтті. Қала күніне орай, “Балмұздақ FEST” мерекесін туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырды. Маусым айының 18-19 жұлдызында толйанған шараға келушілер қарасы көп. Шымкенттіктер мен қала қонақтары ыстық күнде қоспасыз таза өнімдерден дайындалатын балмұздақтың түр-түрінен дәм татып, салқын сусындар мен тағамдарды қолайлы бағада алды. Ұсынылған дәмдер наурыз айынан бастап “дәмдестіруден” өтіп, ең үздіктері таңдалып алынған.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, баға да қалтаға қонымды әрі қымбат емес.
18 маусым күні таңғы 11:00-ден басталған мереке 19 маусым күні 20:00-де аяқталды. Арбат саябағында өткен мерекеде тек балмұздақтар емес, балаларды қуанту мақсатында түрлі шаралар да ұйымдастырылды. Аниматорлық, ойын-сауықтық және концерттік бағдарламаларды тамашалап, қыш-құмыра, аква грим жасаудан шеберлік сабақтарды алды.
Айта кетейік, тұрғындарға қуаныш сыйлайтын іс-шараны жыл сайын дәстүрге айналдыру жоспарланып жатыр.