Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2021 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. VII шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясында 17 мәселе қаралып, жан-жақты талқыланды. Мәслихат депутаттары сессия жұмысында аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.
Кезекті сессия отырысына облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Өмірзақ Естайұлы өз баяндамасында “Облыстық бюджеттің көлемі 2 есеге ұлғайып, 1,1 трлн теңгені құрады. Короновирус індетіне байланысты шектеулерге қарамастан ағымдағы жылдың 8 айында облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң өсімі сақталды” — деп атап өтті. Әр салада атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспарына жіті тоқталды. Сондай-ақ Түркістан қаласын дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.