Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Ұйымшыл елдімекенінде бұған дейінгі ең өзекті мәселенің бірі білім мекемесінің жайы болатын. Яғни ауыл балалары жергілікті жерде асар жолымен салынып 2001 жылы пайдалануға берілген ыңғайластырылған мектеп ғимаратында білім алып келген. Бүгінгі таңда «Ұйымшыл» шағын жинақты орта мектебінде 180-нен астам оқушы білім алса мұндағы балалар мен ұстаздар қауымының көптен күткен тілектері орындалып білім мекемесі жанынан жаңа ғимараттың құрылысы басталды.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған 200 орындық жаңа мектеп ғимаратының жобалық сметалық құны 981 млн теңгені құраса нысан құрылысын «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС бастап та кеткен. Бүгінде мектеп іргетасына белгіленген орында жер жұмыстары жүргізіліп жатса, нысан басында 4 техника жұмыс жасауда. Ал ауыл балалары мен тұрғындарына үлкен қуаныш силап отырған жаңа білім мекемесінің құрылысы келер жылы толықтай аяқталып, тамыз айында қолданысқа тапсырылатын болады. Айта кету керек заман талабына сай салынатын жаңа білім ұясының құрылыс жобасында оқу корпусынан өзге ескі ғимаратта мүлдем болмаған акт залы, спорт зал және асхана ғимараты да қарастырылған.