Әдебиет сыншысы, ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың ұлы Нышанбек Кенжебаев дүниеден озды. Қаза туралы қайғылы хабарды жақындары жеткізді, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
Алтынның сынығы, тектінің тұяғы Нышанбек Бейсенбайұлы 1962 жылы Ордабасы ауданының Бөген ауылында дүниеге келген. Елордада кәсібін дамытқан әдебиетшінің ұлы әкенің ардақты есімін әрқашан биікте ұстап, қайырымдылық шараларының ұйытқысы болып жүретін. Қасиетті Ордабасының топырағында туған әкесі Бейсенбай Кенжебаевтың әдебиет, мәдениет, журналистика саласының дамуына қосқан үлесі зор.
Ол қазақ әдебиетінің мәселелерімен қоса, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Жамбыл Жабаев, М.Сералин, М.О.Әуезов, С.Шәріповтің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Жолдасбеков, Құлбек Ергөбек, Жанғара Дәдебаев секілді шәкірттерді тәрбиелеген ғалымның есімі әдебиет тарихында мәңгіге жазылады. Осындай тектіден туған ұлды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі туған жерінде өтеді. Жаназа намазы 24 желтоқсанға белгіленді.