Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қалық Абдуллаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
Қалық Абдуллаевтың туған-туыстарына жолданған көңіл айту жеделхатында:
«Қалық Абдуллаұлы білікті маман, іскер ұйымдастырушы, беделді азамат ретінде түрлі жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, ел экономикасының өркендеуіне мол үлес қосқан жан еді. Әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында экономика саласына қаржы тартуға, осы орайдағы халықаралық байланыстарымыздың нығаюына көп еңбек сіңірді. «Ақниет» қайырымдылық қорын құру арқылы мұқтаж жандардың жағдайын жақсартуға көмек қолын соза білді.
Жұртшылық оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны Жәннатта болсын.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаев», — делінген.
Айтып өтейік, елінің елеулі, халқының қалаулы азаматы бола білген қоғам қайраткері, белгілі меценат, «Парасат», «Құрмет» Ордендерінің иегері, Түркістан облысының «Құрметті азаматы» Қалық Абдуллаев 13 желтоқсан күні 79 жасқа қараған шағында өмірден озды. Өзінің саналы ғұмырында Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық Агенттік төрағасы лауазымында Қазақстанға шетелдерден инвестициялар тартудың алғашқы тәжірибелерінің негізін қалады. Қ. Абдуллаевтың іскерлік мол тәжірибесі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жарлығымен құрылған ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметін атқарды. Әр жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып еңбек етті.