ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Түркістан облысына арнайы іссапармен келді.
Қазақстанның Бас дәрігері алдымен Түркістан қаласында салынып жатқан 630 орындық көпсалалы облыстық аурухананың құрылыс басында болды. Жаңа ауруханада 16 ота жасау бөлмесі, 13 жоспарлы және 3 жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері қарастырылған. 1500-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда нысанның монолитты іргетасы құйылуда. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған.
Министр облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовпен Түркістан қаласындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Қалалық орталық емханада болып, ондағы жұмыс барысын бақылады. Емхана бір ауысымда 500 келушіге лайықталған. 900 — ден астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында 18 мобильді топ құрылған. Емхананың базасында сондай-ақ, індетті анықтайтын вирусологиялық зертханасы бар. Осы күнге дейін 40 мыңға жуық азаматтан сынама алынған. Емдеу мекемесі барлық қажетті медициналық құрал—жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген.