Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды Президент күні кеше Жолдау жүктеген міндеттер арқылы нақтылап берді. Бізге жаңа көзқарастағы бастамашыл, кәсіби кадрлар өте қажет. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметтің жабық кастаға айналмауы керектігін бүгін Шымкент қаласының әкімдігі актив кеңесінде кеңінен талқылап, саладағы сапаны арттыру мақсатында бірқатар маңызды мәселеге жиынға жетекшілік еткен Мұрат Әйтеновтің өзі тоқталды.
Барлық басқарма басшыларына жеке-жеке тапсырма жүктеген қала әкімі әсіресе, мегаполистегі газ, электр қуатының жетіспеушілігін 1 жыл көлемінде оңтайлы шешу қажеттігін назарға алды. Бұл мәселеде Әйтеновтің өзі жетекшілік етеді. Денсаулық сақтау саласында да 5 жылға нақты жоспарлар тізімін әзірлеу қажет. Мұнан өзге табиғатты қорғау мен экологиялық бағыттағы іс-шаралар кешені тоқтаусыз іске асырылуы керек. Жолдау аясында жалпы мәселелердің түйіні тарқатылған қала активінің отырысы әрі қарай ұжымдық жиындарда жалғасын тауып, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер кезеңімен жүзеге асырылады.
«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда жарияланғандай, мемлекеттік қызметтегі түбегейлі реформаны жүргізу бүкіл мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауды қажет етеді. Мұндай реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудағы синергия маңызды болмақ. Ол үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта қалыптастырудың маңызы бөлек. Пандемия кезінде шенеуніктердің көпшілігінің қашықтықтағы жұмысқа ауысуы — мемлекеттік аппаратты қысқартуға және азайтуға болатындығын көрсеткен. Сондықтан, Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлерін қысқарту мерзімі жедел жүргізіледі. Биыл аталмыш сала қызметшілерінің 10%-ын қысқарту көзделсе, келесі жылы тағы 15%-ға қысқарту жоспарланып отыр. Осылайша, шенеуніктерді 2021 жылы 25% қысқарту мәселесі шешілмек.
Aigak.kz