Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданында іссапармен болып, тасқын судан зардап шеккен тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын тексерді. Дайын болған баспаналардың сапасын бақылап, тұрғындармен кездесті. Қазіргі сәтте Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда бой көтеріп жатқан 550 үйдің 200-і тапсырылуға таяу. Бірінің шатыры шабылса, енді бірінің ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Мөлтек ауданда 31 мердігер мекеме тұрғын үй құрылысын жүргізуде.
Жалпы құрылыс жұмыстарына бір жарым мыңға жуық адам жұмылдырылған. Мөлтек ауданда газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелері және кәріз жүйелерін өткізу мен 12,7 шақырымда орам ішіндегі жолдарды салу жоспарлануда. Аймақ басшысы құрылыстың сапасына зер салып, үйлерді ұзаққа создырмай тапсыру қажеттігін баса айтты.
Сапар барысында облыс әкімі Жаңажол ауыл округіне қарасты су тасқынынан зардап шеккен Өргебас елдімекенін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінгі таңға мұнда 188 отбасына 8,5 млн теңгеден қаржы аударылған. Қалған қаражат құрылыс жұмыстарына қарай үлестіріліп отырады. Қазір 130 үйдің іргетасы құйылуда, 34 үйдің қабырғалары қаланып, 5 үйдің шатыры жабылуда. Құрылыс жұмысына 613 адам тартылған.