Бүгінгі таңда Оңтүстік өңіріндегі алманың отаны саналатын Түлкібас ауданында қарапайым тұрғындар тарапынан алма бау егуге қызығушылық танытқандар қатары жыл санап артып келеді.
Солардың бірі «Нұрбақыт» шаруа қожалығының төрағасы Өтеев Талғат. Былтыр алма бау егуді бастаған шаруа бүгінгі таңда бау көлемін 14 гектарға жеткізіп отыр. 2019 жылы өз қаржысына 2 гектар жерге алма бау егіп бастаған шаруа, биыл мемлекет тарапынан қолдау тауып «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 11 млн.теңге жеңілдетілген несие алып, қосымша 12 гектар жерге алма бау көлемін ұлғайтып отыр.
Тез арада құжаттарын өткізіп, бір жарым айда қаржыға қол жеткізген шаруа қожалық төрағасы Өтеев Талғаттың айтуынша,
-
«Бүгінгі таңда өз жеке кәсібін бастаймын деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынған десек болады. Жылдың басында аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығына алма бау көлемін ұлғайту мақсатында «жеңілдетілген несиені қалай алуға болады?»,-деген сұрақпен жүгінген болатынмын. Сол жердегі мамандар тез әрі нақты қандай құжат жинау қажет екенін түсіндіріп қолдау білдіретіндіктерін айтты».