13 мамыр сағат 16:30 шамасында қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан Төлеби ауданының Қасқасу ауылдық округіндегі Қасқасу өзені суының деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыды. Осыған орай, аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен құрылған жұмыс тобы елді мекенге барып, орын алған жағдай барысымен танысты, — деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Қасқасу елді мекенінің ішіндегі 4 бірдей көпірді су алған. Қазіргі таңда жедел жұмыс тобы судан келген қауіптің алдын-алу жұмыстарын ұйымдастырып, жергілікті жұрт үшін жанама көпір арқылы өту жолдарын қарастырған. Бұған дейін «Айғақ-Ақпараттың» инстаграм парақшасында жариялағанымыздай, Қасқасу ауылында төрт түлік шығыны да бар.
Ал, әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге дейін қазылып біткен 2,5 шақырымдық қашыртқы каналының арқасында елді мекенге су бармаған.
Ал, «Қазгидромет» орталығының Түркістан облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, Тасарық метеостанциясында 40 минутта жауған жаңбырдың көлемі 48 мм-ге жеткен. Негізінен, бұл көрсеткіш апатты жағдай болып саналады. Синоптик мамандарының айтуынша, мамыр айы жауын-шашынға толы болмақ. Әсіресе, таулы аймақтарда жаңбыр жауу көрсеткіші көтерілуі ықтимал. Демек, жауыннан келетін қауіп сейілген жоқ…
Сондай-ақ, Ленгір қаласында жауға нөсер жауынның салдарынан жаңбыр сулары орталық көшелерді басқан. Сел болып аққан қызыл су бірқатар үйлерді шайып кеткен.