Түркістан облыстық мәслихат депутаттары атынан жолға шыққан екінші керуен Мақтаарал ауданына жетті. Яғни 11 жүк көлігіне тиелген 11 тонна азық-түлік өнімдері, киім-кешектер және гигиеналық заттар Атакент кентіндегі орталық қоймаға түсірілді.
Ал бұл жерге жинақталып жатқан өнімдер апаттан зардап шеккен тұрғындарға үлестіріліп отыратын болады. Осындай игі іске ұйытқы болған Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары бұл күні аудан орталығы Мырзакенттегі облыстық штабтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.
«Апат айтып келмейді. Мақтаарал ауданында дәл қазіргі уақытта қауіптің беті қайта бастаған. Аталған ауданда әскерилер мен әр аймақта келген еріктілер қарқынды жұмыс істеп жатыр. Су басқан 5 елді мекен тұрғындары эвакуация орындарына жайғастырылған. Оларға үкімет пен әкімдік тарапынан барлық тиісті көмектер көрсетілуде. Ең бастысы аймақтағы су денгейі 1 метрге дейін төмендеген. Бұл туралы халық қалаулыларына облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. Штаб жұмысына қанық болған депутаттар әрмен қарай су тасқынынан ауыр зардап шеккен Өргебас ауылының бүгінгі жай-күйімен танысты. 230 -дан астам тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын түгелге жуық су басқан аталмыш елді мекенде де қазір су деңгейі төмендеп ауыл ішіне кіретін жол ашыла бастаған. Мұнда да төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күндіз-түні жұмыс жасауда. Ал Өргебас және Жеңіс ауылынан эвакуацияланған 500-ге тарта тұрғын Жетісай қаласындағы номері 8-ші мектепке жайғастырылған. Сондықтан халық қалаулылары төтенше жағдайдан зардап шеккен мұндағы ағайынның жағдайын көзбен көріп тілдесіп қайтты. Қазіргі таңда ең бастысы – халыққа сабыр мен төзімділік қажет. Алдағы уақытта тасқын судан келген шығындар өтеліп, 800-ден астам жаңа үйлер бой көтеретін болады. Осылай деген Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Мақтаарал халқымен бірге екендіктерін жеткізді.