Су тасқынынан зардап шеккен Мақтарал ауданына еліміздің түкпір-түкпірінен азық-түлік өнімдері жеткізілуде. Ел басына түскен қиын сәтте кәсіпкерлер мен облыс, аудан қала әкімдіктері және еріктілер жан жақты қолдау көрсетуде. Ал, ауданға жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектер Атакенттегі орталық қоймаға жинақталып осы жерден таратылу үстінде. Яғни, аудан бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жалпы саны 3,5 мың адамды құраса олар бүгінде 15 эвакуациялық орындарға жайғастырылған. Сондықтан олардың күнделікті ас ауқаттары қоймадан жеткізіліп беріледі. Ал, су басқан ауылдардан келіп туыстарының үйінде жатқан азаматтар да тұрақты түрде азық-түлікпен қамтамасыз етілуде. Бұл туралы орталық қойма үйлестірушісі әрі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде көмек ретінде жан-жақтан қоймаға келіп түскен азық-түлік тауарларының жалпы мөлшері 200 тоннаға жуықтаған. Ал, әлі де өзге аймақтардан Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмектер келе жатыр. Сондықтан қазіргі таңда су апатынан зардап шеккен ағайынға қажетті азық-түлік қоры жеткілікті мөлшерде дейді.