Кеше кешкісін Түркістан қалалық әкімдігінің апталық мәжілісі болып өтті. Мәжілісте қаладағы Қазпошта мекемесінің халыққа қызмет көрсету барысында орын алып отырған мәселелер мен мекеменің жұмысын уақыт талабына сай жаңаша жүйелеу мәселесі қаралды.
Апталық мәжілісте қала әкімі Р.Аюпов Қазпошта мекемесінің қызметін сынға алды. «Бүгінгідей сәтте Қазпоштадан қызмет алу бойынша жүйе қалыптастыру қажет. Алдын ала алгоритм дайындау керек. Алдағы уақытта да кез келген жайтқа төтеп беретіндей жүйе дайын болғаны абзал. Әсіресе, қызмет алушылардың кезегін қалыпқа келтірген жөн», — деген Рашид Абатұлы Қазпошта мекемесінің төтенше жағдай кезінде, әр айдың басында халық көп шоғырланатынын біле тұра, алдын алу шаралары жасалмағанына сын айтты. Сондай-ақ, қызмет алу жүйесін оңтайландыру мақсатында ғаламтор арқылы жұмыс атқаруды тапсырды. Одан бөлек, тұрғындарды кезек күтіп тұрғызбас үшін post.kz сайты және 1499 call центр арқылы ақпарат алуға, сәлемдемелерді және зейнетақыны үйге жеткізуге, курьерді шақырып EMS жөнелтімді алып кетуге тапсырыс беру мүмкіндігі де бар екендігі айтылды.
Қазпошта мекемесінің жұмысы сан салалы. Қашанда халық көп жиналатын орын. Ал мына, қазіргі төтенше жағдайға байланысты, мекеменің қызмет көрсету уақытына шектеу қойылуы және 42 500 теңге әлеуметтік көмекті алу үшін шот ашқызушылардың күрт көбеюі, мәселені тіпті күрделендіріп жіберген.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан 6-сәуір күні Қазпоштаның алдына халықтың көп шоғырланып, сақтық шараларының сақталмауы себепті қала әкімі арнайы барып, көпшілікті сабырға шақырып, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндірген болатын. Және түйткілді мәселені шешудің жолы келісілген. Пошта байланыс торабы демалыссыз, 10:00–16:00 уақыт аралығында мынадай тәртіппен жұмыс істейтін болған.
6-7 сәуір күндері – зейнетақы төлемдері, 8-9 сәуір күндері – арнайы төлемдер үшін шот ашу, 10-12 сәуір күндері – атаулы әлеуметтік көмек төлемдері және басқа да қызмет түрлері көрсетілетіні хабарланған.
Жалпы, 3-4 сәуірде 2 710 әлеуметтік көмек алушыларға шот ашып, банкомат арқылы 4 600-дан аса тұтынушыға қызмет көрсетілсе, 6-7 сәуір күндері 12 350 клиентке зейнетақы төлемдері жасалды.
⠀