Шымкент қаласындағы №1 емханада реабилитациялық емді бұдан кейін мекеме ішінде өткізе алады. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енбегендер үшін төлем жасау терминалдары да орнатылды. Бұл жайында қалалық денсаулық сақтау басқармасы баяндады. Соңғы жылдары елімізде медицина саласына енгізілген өзгерістер халық арасында түрлі пікірлер тудырып жатқаны белгілі. Әсіресе, ағымдағы жылдың басынан қолданылып жатқан міндетті медициналық сақтандыру үлгісі. Жаңа жүйені таңдағанда 50-ден астам елдің тәжірибесі қаралып, ескерілген болатын. Қазақстан үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделін енгізді.
Бүгінде халық түгелдей жүйеге енді демесек те, сақтандырылғандар саны артып келеді. Оған дәлел, медициналық орталықтардағы кезек. Емханада науқастың маршруты тіркеу бөлімінен басталады, алдымен науқас анықтама орнына жүгінеді, онда оған ЖСН-мен «КМИС/БХТ» бағдарламасы бойынша сақтандырылу мәртебесін айқындайды. Егер пациент сақтандырылмаған жағдайда, оған 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін барлық қызметтің тегін көрсетілетінін және 1 сәуірге дейін пациенттің міндетті түрде төлемдерді төлеу керек екендігін түсіндіреді.
Ал, емхана ішінде де орнатылған терминалдар жүйеге еніп үлгермеген тұрғындарға төлем жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, анықтама бөлімінде жаңа жүйе жөнінде ақпараттар жазылып көрсетілген. Түсінбеген жағдайда, бөлім қызметкерлері көмек көрсетеді. Ал, консультативтік-диагностикалық бөлімшеде барлық қажетті бейіндік мамандар, консультативтік-диагностикалық зертхана жұмыс істейді және қажетті диагностикалық қызметтер көрсетіледі.