Жол, су, жарық, газ мәселесі бітпейтін дау, өнбейтін іс болып тұр. Бұл жағдайға тұрғындар түсініспеушілікпен қарады. Тек жиылған жұрт қоғамдық көлік туралы тақырып қозғалғанда шындықты шырқыратып, ТМД-ның мәдени астанасының сиқын айтты. Кейде «өзін өзі мақтаған — өгіз тентек» сияқты алдымызға жан салмай бөркімізді аспанға лақтырып жатамыз. Мәселен, биылғы жылы Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы деп айқайлап жүрміз. Бірақ, қоғамдық көлігіміз көңілді көншітпейді. Автобус, маршуттардың жұмысы әлі жүйеге дұрыс қойылмаған. Тозығы жетседе жолаушы тасымалымен айналысатын ескі қоғамдық көліктер қала көшелерінде жүйіткіп жүр. Осы мәселеге ренішін білдірген тұрғындардың сансыз сұрағына әкімнің өзі ақтарылып жауап айтты.
Еңбекші ауданының тағы бір мәселесі – қаңғыбас иттер өріп жүр. Ауданның тұрғындары көшеден еркін өтуді қойдық дейді. Жеті қазынаның бірі саналған қайран төбеттердің егесі жоқ немесе қарғы баумен қаңғып кеткен. Әзірге «ит қапты» деген суық хабарды ести қойғанымыз жоқ. Десек те, жаман айтпай, жақсы жоқ. Миллионды қаланың 300 мыңы Еңбекші ауданында тұрады. Аймақты табиғи отынмен толық қамтамасыз ету 2023 жылға жоспарланған. Одан бөлекте шаруа жеткілікті. Тек әкім Ильясов «бірлік бар жерде – тірлік бар» деп жиылған тұрғындарды ынтымаққа шақырды.
