Ағынды менің Ақсуым
Арқырап әлі ағарсың
Ақиланған ашумен
Ақтарды асқар сабасын
Тас тарпуын, шапшуын
Қарасаң қайран қаласың
Жалғыз жазғы бір кеште
Жағаладым жағасын…
Ия бұл Ілиястың туған жеріндегі Ақсу өзеніне деген ерекше суреттеуі еді. Дәл осындай қазақ поэзиясындағы қайталанбас, аса ірі, кең тынысты туындыларымен мақтанышқа айналған Ілияс Жансүгіровтің биыл 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай ақынның туған ауылында баба есіміне арналған ескерткіш орнатылды.
Эпик ақын Ілияс Жансүгіров Алматы облысы Ақсу ауданы Ойтоған ауылының тумасы. Небәрі 4 жасында анасынан айрылып, әкесінің тәрбиесінде өседі. Алғашқы білімді де сол кісіден алған. 1910 жылы Қарағаштағы «Мамания» мектебіне түсіп, 1917 жылға дейін сол мектепте білім алған. Ең алғаш өз қызметін мұғалімдікпен бастаған ол 1925 жылы Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі. 1928 жылы институтты аяқтаған.
Бүгінгі ескерткіш Ақсу ауданының тумасы Молдияр Нұрбаевтың демеушілігімен салынып отыр. Молдияр Қылшықұлының айтуынша баба атына арнап ескерткіш орнату, көптен бері ойда жүрген екен.
Сол игі істің орындалуы бүгінгі күнге бұйырыпты. Ел болып, жұрт болып 125 жылдық мерейтойға ағыла келген. Көпшіліктің қатысуымен өткен бүгінгі жиын жоғары деңгейде аталып өтті.
Қазақтың біртуар азаматы Ілияс Жансүгіровтің әдебиет майданындағы орны ерекше. Себебі, ол қайталанбас тың туындылар мен танымал поэмалардың авторы. Оның өшпес мұрасы халық жадында мәңгіге сақталып, ұлағатты ұрпақ қалыптастыруға септігін тигізері анық.