Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастырылған. Осы тапсырмалардың іске асырылуы, жалпы, ұлттық еңбек нарығын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы PrimeMinister.kz-тің шолу материалынан оқыңыздар.
Ұлттық еңбек нарығын жаңғыртудың басты факторларының бірі — цифрландыру. Соңғы жылдары елімізде еңбек нарығы инфрақұрылымының тиімділігін бірінші кезекте цифрландыру есебінен дамыту және арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, электрондық еңбек шарттары мен сандық әлеуметтік-еңбек қызметтері енгізіліп жатыр, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы жүргізілді.
Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау
Жұмыспен қамту орталықтары — жұмыспен қамту қызметін ұсынатын «еңбек нарығындағы бірыңғай терезе». Мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында олардың жұмысына реформалар жүргізіліп, заман талаптарына сай формат енгізілді. 2018 жылғы 16 сәуірде «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістерге сәйкес келесі бағыттағы бірқатар бастамалар көзделген:
-
халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру;
-
электрондық еңбек биржасын енгізу;
-
жұмыспен қамту саласында жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерінің аутсорсинг қызметін іске асыру.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңының қолданыстағы редакциясының қабылдануымен Қазақстандағы барлық 203 халықты жұмыспен қамту орталығында жаңа форматтағы жұмыс толыққанды іске қосылды.
Халықты жұмыспен қамту орталықтарымен өзара іс-қимылдың көпарналы схемасы енгізілді. Өтініш берушілер мен жұмыс берушілер кеңейтілген арналар арқылы өзара әрекеттеседі, атап айтқанда:
-
жұмыспен қамту орталықтары арқылы;
-
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;
-
ауыл әкімдері арқылы;
-
цифрлық арналар арқылы: электрондық еңбек биржасы (www.enbek.kz порталы), электрондық пошта, телефон арқылы байланыса алады.