Арыс қаласындағы 13-секторға жауапты Ордабасы ауданы мен Солтүстік Қазақстан облысы өзіне тиесілі аумақтағы құрылыс жұмыстарын аяқтады. Аяқталған жұмыстармен танысуға және тұрғындармен кездесуге Ордабасы ауданы әкімі келіп, әр отбасыға сый-сыяпатын табыстады. Айта кетейік, Арыс қаласында төтенше жағдай орын алған күні шұғыл Облыстық штаб жасақталып, Ордабасы ауданында орналасты. Арыстықтардың алғашқы легі Бадамдағы С.Сейфуллин мектебі мен Қараспандағы Тәукехан мектебінде ұйымдастырылған орындарға жайғастырылды. Ордабасылықтар 1600-ден астам адамды қабылдап, оның 400-ден астамын мектептерге, 1200-дей азаматты туған-туыстарының үйіне қоныстандырды. Балаларға арнайы бақшалар қызмет көрсетті.
Солтүстік Қазақстан облысы мен бірге 13-секторға бекітілген Ордабасы ауданы 17 көшедегі 371 тұрғын үйдің жағдайын зерделеп, зақым келген 198 баспананың жөнделуіне күш салды. Аудан әкімдігінен 40 азамат, 5 арнайы техника бөлінді.
Аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар рәсімдеу үшін тиісті мамандар бөлініп, жұмыс жүргізді. 13-сектор аумағында бір жолғы берілетін жәрдем ақы бойынша барлық 18 жасқа толған 954 тұрғынға банк карточкалары таратылып берілді. 18 жасқа толмаған тұрғындарға ата-анасының карточкасына аударылды.Бүгінгі таңда барлық тұрғындардың карталарына жәрдемақылар аударылды. Сонымен қатар, 14 үйдің техникалық құжаттарын қалпына келтіру бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мұрағатынан іздеу шаралары жүргізілуде.
Бүгінгі күні барлық жұмыстардың аяқталуына орай Арыс қаласының төрінде Ордабасылықтар мен СҚО бірігіп ас беріп, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Сондай-ақ, төтенше жағдай болған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін Арыстықтармен бірге болып, қызмет еткен азаматтар Түркістан облысы әкімінің арнайы алғыс xатына ие болды.