Шардара ауданында 2012-2016 жылдары әкімдік қызмет атқарған Қамытбек Айтөреевті еске алуға арналған іс-шара өтті. Жиынға келген азаматтар алдымен қаладағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінде болып, Қамытбек Айтөреевтің ескерткіш-тақтасының ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіш-тақтаның Қ.Аманжолав мектебінің қабырғасына қойылуының өзіндік мәні бар. Қаладағы Төменгі тоғай ауылында орналасқан бұл білім ордасына қосымша оқу корпусын салу үшін біраз жылдан бері мәселе көтеріліп, жоғары жаққа айтылумен келген-тін. Әртүрлі сылтаулармен реті келмеген жаңа ғимарат салу ісін Қамытбек Айтөреев жүзеге асырған еді. Қамекеңнің тікелей ұйытқы болуымен салынған екі қабатты заманауи үлгідегі мектептің игілігін қазіргі таңда ел көріп келеді, деп хабарлайды Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерғали Қарымсақов, журналистика саласының ардагері, жетісайлық Жолбарыс Тілеуов, Қамекеңнің бала күннен бірге өскен досы, Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Әлімханов, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Сырлыбек Шынтаев естелік сөз сөйледі. Өз кезегінде Ерғали Әлімханов мектеп ұжымына компьютер тарту етті.
Абзал азаматты еске алуға арналған іс-шара қаладағы Спорт кешенінде де өткізілді. Мұнда Қамытбек Айтөреевті еске алуға арналып армрестлинг және кір тасын көтеру спортынан Шардара ауданының ашық біріншілігі ұйымдастырылып, оған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының барлық аудандарынан балғын спортшылар келіп қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында кезінгде Шардара, Отырар аудандарында әкімдік қызмет атқарған Зәуірбек Саылқбай, аудандық қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов сөз алып, спортшыларға табыс тіледі.
Қамытбек Нұржанұлын еске алуға арналған шара «Ақ дастархан» дәмханасында одан әрі жалғасты. Ауданның бас имамы Асылхан қажы Данияров марқұмның рухына құран бағыштаған соң, асқа алыс-жақыннан келген азаматтар естеілк әңгімелер айтты. Қамытбек Айтөреев әкім болып тұрғанда орынбасарлық қызметке келген ауданның бүгінгі таңдағы басшысы Қайрат Жолдыбай Нұржановтар әулетіне ниет қабыл болсын айтты. Сонымен бірге, Қамытбек Айтөреевтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесін атап көрсете кетті.
Мемлекет қаржысына салынғанымен де сол нысанды бағдарламаға ендіру, қаржыны уақтылы бөлдіртіп, құрылысты дер кезінде аяқтау оңай шаруа емес. 4 жылдың ішінде қала мен ауылдық округтерде көптеген әлеуметтік нысандар ашылып, халықтың пайдалануына берілді. Бір ғана аудан орталығының өзінде үш қабатты заманауи үлгідегі №3 мамандандырылған мектеп-интернат ғимараты, Ж.Жабаев, Қ.Аманжолов, Құрманғазы атындағы орта мектептердің қосымша оқу корпустары, қайта құрылымдаудан өткен спорт мектебі, Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залы, Өтеғұл ауылындағы таза су қондырғысы, Сырдария өзені жағасынан салынған саябақ, төрт қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй, «Күншуақ» балабақшасы сияқты нысандар іске қосылды. Қ.Тұрысбеков, Ұзын ата, Ақшеңгелді, Достық ауылындағы Мәдениет үйлері қайта күрделі жөндеуден өткізілсе, Сүткент ауылында 200 орындық су жаңа Мәдениет үйі салынды. Бірнеше ауылдық округтерде балабақшалар ашылып, пайдалануға берілді. Аудан құрылғалы ардагерлер Кеңесінің өз алдына бір ғимараты жоқтығы жөнінде талай мәрте мәселе көтерілген болатын. Осы мәселе оң шешімін тапты.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына осы саябақ ішінен «Даңқ» ескерткіші тұрғызылды. Аудан әкімдігінің алдындағы қайық үлгісіндегі ескерткіштің орнына биіктігі 23 метрлік Тәуелсіздік монументі тұрғызылды. Сол сияқты, «Тұңғыш Президент» саябағының алдындағы «Шардара ауданының тарихы» деп аталатын стенд-ескерткіш те Қамекеңнің қолтаңбасы болып саналады.
Мұнан басқа да естелік әңгімелерді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ардагер ұстаз Жамал Төлешова, қарт ақын Құрбанбек Шәметов, аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева және басқа да азаматтар айтып өтті. Жиын соңында Қамекеңнің ағасы Омарбек Нұржанов сөз алып, осындай игі іс-шара ұйымдастырып отырған шардаралықтарға, еске алу іс-шарасын ойдағыдай жүргізе білген өзінің сыныптас досы, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Ілесовке әулеттің атынан алғыс сезімін білдірді.