Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысына қызметтік іссапармен келіп, әр ауданның тыныс-тіршілігімен танысуда. Бұл жолғы бағыт — Төлеби ауданы.
Мемлекет басшысы үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру ісін қолға алуды тапсырған. Сондай-ақ, агноөнеркәсіптік кешенді дамыту, жекелей алғанда ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорттық әлеуетті әртараптандыру басты назарда. Президенттің жүктеген міндеттерін тиімді жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Әсет Қайыпбековтің бастамасымен Төлеби ауданында «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативі өз жұмысын бастаған еді. Жыл басында 150 гектар жерге алма бұтағын егу жоспарланса, қазіргі таңда гектарына 2,5 мың түп алма ағаштары егілген. Мұнда 4 түрлі алма кездеседі, әрқайсы әр мезгілге арналған. Сонымен қатар, бауда 100 шақты адам жұмысқа тартылған. Алма ағаштары тамшылату әдісімен суғарылады. Ол үшін су қоймасы да салынған. Алдағы уақытта жасанды тоғайларды дамытуы жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылы егілген алма бағы 2021 жылы өз өнімін береді. Гектарынан 5 тоннаға дейін өнім жинау күтілуде. Әр көшеттің жақсы өнім беруі – тынымсыз еңбекті талап етеді.
Одан кейін сенаторлар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Кемеқалған ауылдық округіндегі «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» тарихи орнына табан тіреді. Бұл құндылықты дамытуды аудан басшылығы қолға алған.
«Айғақ-Ақпарат»