Биыл көп балалы отбасылар мен əлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына ҚР Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебінен 5 мың грант беріліп отыр. Оның ішінде 1345 грант Түркістан облысына тиесілі. Аталмыш гранттарға өтінімдер бойынша конкурс 5-10 тамыз аралығында өтеді. Бұл туралы Түркістан облыстық адами əлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова мен Қ.А Яссауи атындағы ХҚТУ-нің проректоры Өмірбек Үмбетов арнайы баспасөз жиынында мəлімдеді.
Грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге беріледі. Олар өздерінің қажеттілігін ескере отырып, нақты мамандықтар тізбесін анықтап, конкурстық комиссия құрып, конкурс жүргізіп, грант береді. Конкурсқа қатысу үшін талапкер нысаналы топқа жатқанымен қатар, ұлттық бірыңғай тестінің шекті балын жинауы қажет.
2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау – конкурсқа қатысудағы негізгі шарт. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша оқу үшін кемінде 60 балл, денсаулық сақтау саласы бойынша кемінде 65 балл жинауы тиіс.
Осы гранттарға ие болу үшін үміткерлер тамыздың 5-10 аралығындағы келесі конкурсқа тапсыру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер гранттарды ҰБТ балына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-да жариялайды. Барлық нысаналы грант иегерлеріне әдеттегідей 21 мың теңге көлеміндегі шәкіртақы тағайындалады. Сонымен қатар, демалыс кезінде жылына 2 рет жол өтемақысы төленеді.
Түркістан облысына бөлінген 1345 грант бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 294 грант бөлінген. Осыған сəйкес қазіргі таңда 21 білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлерден құжаттар қабылдануда.
Талапкерлерден құжат қабылдау «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы N 58 Қаулысы негізінде жүреді.
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар:
1. Белгіленген бланкідегі өтініш
2. Білім туралы құжаты
3. ҰБТ сертификаты (маусым айындағы)
4. 086-У нысанындағы медициналық анықтама
5. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі
6. Көп балалы отбасынан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар дәрежесінде екендігін растайтын құжат.
«Айғақ-Ақпарат»