Түркістан облысы мәслиxатының депутаттары тұрақты комиссия отырысында бас қосты. Бұл жиын кезектен тыс қырық бірінші сессия отырысымен байланысты.
Депутаттар екі мәселені қарады. Біріншісі Түркістан облысы әкімінің алты айда атқарған есебі. 2019 жылдың жарты жылында атқарған жұмысты экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев баяндап берді. Арман Айдарұлы өнеркәсіп, кәсіпкерлік, инвестиция бойынша өскен өсімдер туралы айтты. Түркістан облысы бюджетінің жалпы көлемі 682,8 млрд. теңгені құрайды. Алты айда қазынаның қаржысындағы 99% игерілген. Ал, әлеуметтік салаға тоқталар болсақ. Өңірде 2019 жылдың 1 шілдесінде 70 698 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 423 390 адамға тиісті қаражат берілген.
Негізі Түркістан аймағында 86,6 мыңға жуық көп балалы отбасы тұрады екен. Адам үшін ең маңызды денсаулық саласына да тоқталсақ. Ағымдағы жылдың бес айында өңірдегі өлім-жітім көрсеткіші 1,8 пайызды құраған. Туберкулез ауруы бойынша өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда өзгермеген. Қатерлі ісіктен болатын адам шығыны да төмендемеген. Сондықтан бұл салаға қаражатты аямау керек. Жалпы өңірдің алты айдағы дамуы осылай болып қалыптасыпты. Тұрақты комиссияның екінші мәселесі аясында сессияның жұмысшы органдарының құрамы бойынша ұсыныс талқыланды. Халық қалаулылары ауыл шаруашылығы мен жол саласындағы салғырттық туралы мәселені көтеріп, жауапты мамандарды сұрақ астына алды.
Жыл сайын ойыла беретін жолдар мен трассада бітпейтін құрылыс жұмысы өз алдына үлкен мәселе болып отыр. Айтыс, тартыстан соң депутаттар келесі комиссия отырысында жолдағы жағдайды кең көлемде талқылайтын болып келісімге келді.