Қазақстан Президенті Семейге жасаған жұмыс сапары аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысып, бұл жобалардың ұлт руханиятына сүбелі үлес қосатын бастамалар болуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қабырғасында қала жұртшылығымен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды.
– Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл – қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бастамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек, – деді Қазақстан Президенті.