14 — сəуірде Өзбекстанға алғашқы ресми жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты бүгін жергілікті уақытпен таңғы 10-00-де Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Ташкент қаласындағы «Көксарай» резиденциясының алдында салтанатты түрде қабылдады. Мұнда ресми рəсімге сай екі елдің əнұрандары орындалса, əрмен қарай мемлекет басшыларының кездесуі резиденция ғимаратында жалғасты.
Айта кету керек, Өзбекстан қай салада болмасын Қазақстанның негізгі əріптестерінің бірі. Тəуелсіздік жылдарында көршілес елде тоқыма, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, құрылыс жəне туристік салалар қарқынды дамыды. Сонымен бірге автомобиль өнеркəсібінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген Өзбекстан ТМД елдері арасында жеңіл автомобильдерді ірі экспорттаушы, сондай-ақ көлік коммуникациясы мен логистикада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Бұл тұрғыда Қазақстан Өзбекстанның маңызды серіктестерінің бірі болып табылса, екі ел арасындағы тауар айналымы да жыл санап ұлғайып келеді.
Айталық өткен жылы тараптар арасындағы сауда-саттық көлемі 3 млрд. АҚШ долларын құраса, 2020 жылы бұл нəтижені 5 млрд долларға жеткізу межесі тұр. Сондықтан мемлекет басшысының Өзбекстанға сапары аясында бірқатар маңызды келісім құжаттарына қол қойылды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында сауда-экономикалық қатынасты кеңейту бағытында шекаралық ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бұл салада екі ел үкіметі өзара тиімді саясатты жүзеге асыруды көздейді.
Бір сөзбен айтқанда, тараптар экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі.